Денсаулық сақтау министрі Тағамға биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау және қадағалау қағидаларын бекітті — 2026 жылғы 3 тамыздағы № 86 бұйрық. Бұйрық ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң, яғни 2026 жылғы 10 қазанда қолданысқа енгізіледі. Тармақтардың бір бөлігі — агрегаттау, тауарды тізбек бойынша беру және қабылдау туралы — тек 2027 жылғы 1 наурыздан бастап өндірілген ББҚ-ға қолданылады.
Жазда жаңалықтарда басқа күн — 1 қыркүйек жиі айтылды. ББҚ үшін мерзім таңбалауға жататын тауарлар тізбесінде осылай жазылған, біздің таңбалау жөніндегі жол картамызда да солай көрсетілген. Бірақ тізбе «нені таңбалау керек» деген сұраққа жауап береді. Ал қалай таңбалау керегі — тіркелу, код алу, кассадан өткізу — қағидаларда жазылған, олар қазанда іске қосылады.
Төменде — бұл кімге қатысты, 10 қазанға дейін нені үлгеру керек және дүкен базасында қоспаның өндірілген күні неге кенеттен есептік деректемеге айналатыны туралы. Бұл тауар топтары туралы мақалалар сериясының екінші бөлімі; біріншісі киім мен іш киімді таңбалау туралы болды. Үшіншісі – майлар, антифриздер және тежегіш сұйықтықтары туралы.
Қандай қоспалар қағидаларға жатады
Шарт екеу, екеуі де қажет. Біріншісі — Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2024 жылғы 24 қыркүйектегі № 99 шешімімен бекітілген тізбедегі ЕАЭО СЭҚ ТН коды. Екіншісі — дәл ББҚ ретінде мемлекеттік тіркеу туралы қолданыстағы куәлік. Бұл қағидалардың 4-тармағында айтылған.
Сөредегі атауына қарап мұны анықтай алмайсыз. Дәрілік зат ретінде тіркелген дәрумендерге бұл қағидалар қолданылмайды — дәрілердің өз таңбалау қағидалары бар. ББҚ куәлігі жоқ протеин батончигі қоспалардың қасында тұрса да, бұл қағидаларға жатпайды. Ассортиментті екі өріс бойынша — СЭҚ ТН коды мен куәлік бойынша талдау керек. Егер номенклатура карточкаларында олар жоқ болса, жұмысты соларды толтырудан бастаған жөн.
Екі күн және олардың база үшін мәні
| Талап | Қашан | База үшін нені білдіреді |
|---|---|---|
| Өндіруші мен импорттаушының таңбалауы, тауарды тіркеу, код алу | 2026 жылғы 10 қазаннан | Таңбалау жүйесіндегі тауар карточкалары, әр қаптамада код |
| Бөлшек саудада тек БКМ-де кодты сканерлеп сату | 2026 жылғы 10 қазаннан | Код чекке түседі және ОФД арқылы таңбалау жүйесіне кетеді |
| Сатып алушы қайтарған тауар — код ОФД арқылы айналымға қайтарылады | 2026 жылғы 10 қазаннан | Қайтару тек сомамен емес, кодпен ресімделеді |
| Таңбаланбаған қалдықтар | жарамдылық мерзімі біткенше сатылады | Әр партияға «кодымен» немесе «кодсыз» белгісі керек |
| Қаптамаларды қораптарға агрегаттау | 2027 жылғы 1 наурыздан бастап өндірілген ББҚ үшін | Қорап кодтары және «қорап — қаптамалар» байланысы |
| Басқа меншік иесіне беру және мекенжайлар арасында орын ауыстыру | сол сияқты; ЭЦҚ қойылған мәліметтер — 1 жұмыс күнінен кешіктірмей | Әр жүкқұжат пен әр орын ауыстыру таңбалау жүйесінде құжат тудырады |
| Қабылдау | сол сияқты; растау — 1 жұмыс күні ішінде | Қабылдау санымен емес, кодтар бойынша жүреді |
| Бір БСН-нің әр нүктесіне қызметті жүзеге асыру орны | сол сияқты | Базадағы қоймалар мен дәріханалар жүйедегі қызмет орындарымен сәйкес болуы керек |
| Есептен шығару, бүліну, өз қажеттіліктері | сол сияқты; мәліметтер — 3 жұмыс күні ішінде | Базада және таңбалау жүйесінде есептен шығару бір әрекетпен жасалады |
Қазаннан бастап таңбалау кіре берісте — өндіру мен әкелу кезінде — және шыға берісте, кассада жұмыс істейді. Тізбектің ортасы кейінірек қосылады: көтерме сауданы, орын ауыстыру мен қабылдауды көрсету міндеті 2027 жылғы наурыздан бастап шығарылған тауарға қолданылады. Ал таңбаланған қаптаманы бөлшек саудада кодын сканерлемей сатуға 10 қазаннан бастап-ақ болмайды — ол қашан өндірілгеніне қарамастан.
Өндірілген күн неге есептік деректемеге айналады
2027 жылы бір сөреде бір қоспаның үш партиясы тұруы мүмкін. Біріншісі — кодсыз: міндетті таңбалау енгізілгенге дейін өндірілген, жарамдылық мерзімін өткеріп жатыр. Екіншісі — кодымен, бірақ тізбек бойынша қадағаланбайды: 2027 жылғы 1 наурызға дейін өндірілген. Үшіншісі — толық қадағаланатын. Кассир үшін бірінші мен екіншісінің айырмасы маңызды: сканерлеу керек пе, жоқ па. Қойма мен көтерме сауда үшін — екінші мен үшіншісінің айырмасы: әр беру кезінде жүйеде құжат керек пе.
Мұның бәрін өндірілген күн анықтайды, сондықтан ББҚ номенклатурасын өндірілген күні мен жарамдылық мерзімі көрсетілген сериялар бойынша жүргізген дұрыс. Дәріханалар жарамдылық мерзімін әдетте онсыз да есепке алады. Спорттық тамақтану және эко-өнім дүкендері қоспаны көбіне сериясыз бір карточкамен жүргізеді — оларға шындап қайта құрылуға тура келеді. 1С:Розница және 1С:Управление торговлей бағдарламаларында серия есебі номенклатура түрінің баптауларында қосылады. Бұл ретте қалдықтарды сериялар бойынша бөлуге тура келеді — мұны ең жақын түгендеу кезінде жасаған ыңғайлы.
Өндіруші мен импорттаушыға: тауар карточкасы және кодтар
Тауар таңбалау жүйесінде ішкі артикул бойынша емес, GTIN — GS1 жүйесінің жаһандық тауар коды бойынша тіркеледі. Тіркеу үшін 33 өрісті толтыру керек: GTIN, СЭҚ ТН коды және мемлекеттік тіркеу туралы куәліктен бастап құрамына, шығарылу нысанына, сақтау шарттарына, қолдану тәсіліне және қаптама фотосына дейін (қағидалардың 15-тармағы).
Үш жұмыс күні ішінде жүйе тіркеуден бас тартуы мүмкін, егер:
- мұндай GTIN бұрыннан тіркелген болса;
- GS1 Kazakhstan деректері бойынша бұл GTIN-ді Сіздің ұйымыңыз пайдалана алмаса;
- мұндай GTIN GS1 базасында жоқ болса;
- куәлік туралы мәліметтер ЕАЭО-ның Мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай тізілімімен сәйкес келмесе.
Соңғы тармақ ең алдымен импорттаушыларға қатысты. Куәліктің нөмірі мен күнін жібергенге дейін тізіліммен әр таңбасына дейін салыстырыңыз — әйтпесе қате туралы бірден емес, үш жұмыс күнінен кейін білесіз.
Кодтар 4 сағат ішінде шығарылады немесе оларды шығарудан бас тартылады. Кодты қаптамаға түсіріп, түсіру туралы есеп беру оны алған күннен бастап бір жылдан кешіктірілмеуі тиіс, әйтпесе кодтың күші жойылады (27-тармақ) — сондықтан жарты жыл бұрын алдын ала тапсырыс берудің мәні жоқ. Шекті құны — бірлігі үшін ҚҚС-сыз 2,68 теңге: Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 10 шілдедегі № 74 бұйрығы, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданылады.
Импорттаушы кодты Қазақстан шекарасын кесіп өткенге дейін немесе тауарды ішкі тұтыну үшін шығарғанға дейін түсіреді. Тауарды өз қоймасына қабылдағаннан кейін ол жүйеге әкелу туралы хабарлама жібереді — кедендік декларацияға немесе ЕАЭО елдерінен әкелінгенде әкелу туралы құжатқа сілтеме жасай отырып (29 және 39-тармақтар). Импорттық тауарды айналымға дәл осы хабарлама енгізеді.
Есеп бағдарламасы интеграцияланбаса, мұның бәрін таңбалау жүйесінің жеке кабинеті арқылы жасауға болады (7-тармақ). Айына он шақты позиция болса — төзуге болады. Жүздеген жеткізілім болса — жоқ.
Дәріхана мен дүкенге: 10 қазанға дейін не болуы керек
Бөлшек саудаға қойылатын талаптар қағидалардың 11-тармағында жинақталған:
- Таңбаланған ББҚ-ны сатуды бастағанға дейін таңбалау жүйесінде тіркелу.
- Деректерді тіркеу және беру функциясы бар БКМ.
- БКМ-мен қосылған және DataMatrix-ті оқитын сканер. Оның кодты оқуын бөлшек сауда өзі тексеруге міндетті.
- Сатылған әр бірлік туралы мәліметтерді беруге ОФД-мен жасалған шарт.
- Бағдарламаның таңбалау жүйесімен алмасуға дайындығы.
Сату кезінде кассир кодты сканерлейді, сәйкестендіру коды чекке түседі (49-тармақ). Қайтару кезінде код айналымға қайтарылады: дүкен ОФД арқылы қайтарылған әр бірлік бойынша мәліметтерді береді (52–53-тармақтар). Таңбаланған тауармен касса жұмысының жалпы тетігін жеке мақалада талдадық.
ББҚ-ның ерекшелігі — кодтың өзінде. Қағидаларға сәйкес ол төрт топтан тұрады: 14 цифрлы GTIN, 13 таңбалы сериялық нөмір (код Қазақстанда шығарылса, бірінші таңбасы — «3») және жүйе нағыз кодты жалғанынан ажырататын 4 және 44 таңбалы екі криптографиялық топ. Топтар коды 29 болатын қызметтік таңбамен бөлінеді. Пернетақтаны эмуляциялау режиміндегі сканер бұл таңбаны жиі жоғалтады, сөйтіп касса тексеруден өтпейтін код алады. Сондықтан «сканер дыбыс береді» деген тексеріс ештеңені дәлелдемейді — нағыз қаптаманы сатып көріп, чекке не кеткенін қарау керек. Сканерді ауыстыратын уақыт келсе, ТСД мен сканерді қалай таңдау туралы талдауымыз пайдалы болады.
Екінші міндетті тест — ескі, таңбаланбаған партиядағы позиция. Касса қаптамада жоқ кодты талап етпеуі керек, әрі таңбаланған қаптаманы сканерлеусіз өткізуге жол бермеуі керек. Мұны алғашқы сатып алушыда емес, 10 қазанға дейін баптаған дұрыс.
Көтерме саудаға және дәріхана желілеріне: 2027 жылғы наурызға қарай
2027 жылғы 1 наурыздан бастап өндірілген ББҚ үшін тізбектің ортасы қосылады:
- өндіруші мен импорттаушы айналымға енгізгенге дейін қаптамаларды қораптарға агрегаттайды, ал тауарды қайта салған тарап жүйеге қораптың жаңа құрамын береді (32–36-тармақтар);
- бір БСН-нің әр дәріханасы мен әр қоймасы жүйеде өз рөлі бар жеке қызметті жүзеге асыру орны ретінде тіркеледі (42-тармақ);
- басқа меншік иесіне беру және мекенжайлар арасында орын ауыстыру туралы ЭЦҚ қойып, бір жұмыс күнінен кешіктірмей хабарланады (43-тармақ); бір мекенжайдағы үй-жайлар ішінде жылжыту орын ауыстыру болып саналмайды;
- алушы қабылдауды бір жұмыс күні ішінде және кез келген келесі операцияға дейін растайды (44-тармақ); алшақтық болса — жеткізушіге хабарлама жіберіледі, ол мәліметтерді қайта ресімдейді (45-тармақ);
- есептен шығару, бүліну және кассадан тыс айналымнан шығарудың басқа түрлері — мәліметтер үш жұмыс күні ішінде беріледі (51-тармақ).
Мұндағы ең сезімтал тұсы — бір жұмыс күнінде қабылдау. «Түсірдік, базаға апта соңында енгіземіз» деген тәсіл жұмыс істемей қалады: қабылдау расталмайынша тауарды сатуға да, әрі қарай беруге де болмайды. Дистрибьюторлардан күн сайын жеткізілім алатын желі үшін бұл тауар түскен күні кодтар бойынша қабылдау, яғни қабылдауда деректер жинау терминалы және есеп базасымен алмасу дегенді білдіреді. Қазаннан наурызға дейін бес айдай уақыт бар. Ақпанда емес, күзде бастасаңыз, қойманы асықпай қайта құруға бұл жеткілікті.
10 қазанға дейін нені тексеру керек
- Тізбедегі СЭҚ ТН коды да, ББҚ ретінде тіркеу туралы куәлігі де бар позициялар бөлініп алынды.
- Әр позицияның GTIN-і белгілі, импорттық позициялардың куәлігі ЕАЭО тізілімімен салыстырылды.
- Ұйым таңбалау жүйесінде тіркелген, мәліметтерге қол қоюға арналған ЭЦҚ жұмыс істейді.
- Касса жаңартылған, ОФД-мен шарт кодтарды беруді қамтиды, сынақ сату мен сынақ қайтару өтті.
- Барлық кассадағы сканерлер DataMatrix-ті оқиды және бөлгіш таңбаны жоғалтпайды.
- Қалдықтар кодымен және кодсыз партияларға бөлінген, партиялардың өндірілген күні толтырылған.
- Конфигурация релизі ББҚ таңбалауын қолдайды. Олай болмаса — жаңарту 10 қазаннан кейін емес, оған дейін қажет.
Жиі қойылатын сұрақтар
Кодсыз қалдықтарды таңбалау керек пе? Жоқ. Міндетті таңбалау енгізілгенге дейін өндірілген таңбаланбаған ББҚ жарамдылық мерзімі біткенше сатылады. Оларды өз еркіңізбен таңбалауға болады, бірақ онда оларға қағидалардың барлық талаптары қолданылады (6-тармақ).
Біз ББҚ-ны Kaspi.kz арқылы сатамыз. Не өзгереді? Қағидалар бойынша айналымнан шығару — бұл жеке тұлғаға БКМ арқылы чекте кодты көрсетіп сату. Демек, код онлайн-тапсырыс кезінде де чекке түсуі керек. Оған қалай қол жеткізу тапсырыстар бойынша чектің қалай шығарылатынына байланысты, мұны алдын ала сынақ тапсырыспен тексерген жөн.
Осы тізімді бізбен бірге өткіңіз келсе — бөлшек сауданы автоматтандыру аясында ассортиментті талдап, серияларды, кассаны және қабылдауды баптаймыз. Чатқа жазып, қазір не жұмыс істеп тұрғанын айтыңыз — 10 қазанға дейін не жетіспейтінін айтамыз.






